Атырауда көпбалалы ана әкімдікке сүндетке отырғызу қымбаттап кеткенін айтып шағымданды
Атырау қаласының тұрғыны, алтын алқалы көпбалалы ана әкімдіктің Telegram-дағы арнасында егіз ұлын сүндетке отырғызу тым қымбатқа түсіп жатқанын айтып шағымданды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
Басылым тілшісінің қала тұрғынының сөзіне сүйеніп хабарлауынша, облыстық балалар ауруханасында бір баланы сүндетке отырғызу – 25 500 теңге. Көпбалалы ана ретінде оған жеңілдікпен 18 000 теңге ұсынылған. Бірақ екі балаға 36 000 теңге төлеуге отбасының жағдайы көтермейді.
«Үйде тек жолдасым жұмыс істейді. Қазіргі қымбатшылық заманда бұл соманы қалай төлеймін? Одан да тамақ алмаймын ба? Балаларымның денсаулығы үшін алаңдаймын», - дейді ол.
Денсаулық сақтау басқармасы бұған қатысты түсінік берді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, сүндеттеу (циркумцизия) – ата-ананың қалауы бойынша жасалатын жоспарлы процедура. Сондықтан ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енбейді және ақылы түрде жүргізіледі.
Әкімдіктің мәліметінше, соңғы уақытта медициналық материалдар мен құралдардың бағасы өсуіне байланысты баланы сүндеттеу құны да артқан. Мемлекеттік емханалардағы баға жеке клиникаларға қарағанда төмен болғанымен, бәрібір көпбалалы отбасыларға ауыр соғып отыр.
Денсаулық сақтау саласы мамандарының жауабына сүйенсек, көпбалалы аналар әлеуметтік жағдайына байланысты жеңілдік алу үшін тұрғылықты жердегі әкімдікке қарасты әлеуметтік қорғау бөліміне немесе емхананың әлеуметтік қызметкеріне жүгінуіне болады. Егер балаға сүндеттеуді шұғыл түрде медициналық көрсеткішпен жасау қажет болып, дәрігер жолдама берген жағдайда ғана күндізгі стационарда бұл қызмет тегін көрсетілуі мүмкін.