Әртүрлі

Атырауда биыл екінші рет үшем дүниеге келді

Атырау облыстық перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді, деп хабарлады Elordainfo.kz ATPRESS.KZ-ке сілтеме жасап.

28 жастағы Арай Ерғалиева үшемді 25 қыркүйек күні босанған.

«Алдын ала жоспар бойынша ауданнан облыс орталығына портал арқылы жеткізілдім. 25 қыркүйек күні 2249 гр, 2599 гр және 2608 гр салмақтағы үш ұлды дүниеге әкелдім. Жағдайымды қадағалаған Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне үлкен алғысымды білдіремін», - дейді жас ана.

Перзентханадан жаңа шыққан көпбалалы ананы Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев арнайы құттықтай келіп, нәрестелерге балалар арбасын сыйлады.

Үшемнің ата-анасы Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Сафон ауылында тұрады. Жас ана Құрманғазы ауылында тарих пәнінің мұғалімі, ал үшемнің әкесі Мұрабек Асқарұлы полиция бөлімінде қызмет етеді.

Айта кетейік, Мұрабек пен Арай үшемді қосқанда бүгінде бес баланың ата-анасы атанды. Нәрестелерге Нұрислам, Нұриман, Нұрмұхаммед есімдері берілді.