Әртүрлі

Атырау облысында итті тірідей өртеген екі жігітке сот үкімі шықты

Атырауда сот жануарға қатыгездікпен қарағаны үшін екі айыпталушының бас бостандығын алты айға шектеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Атырау соттарына сілтеме жасап.

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жануарға оның өліміне алып келген қатыгездікпен қарау болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған екі айыпталушыға (олардың біреуі кәмелет жасына толмаған) қатысты қылмыстық іс қаралды (Қылмыстық кодекстің 316-бабының 3-бөлігінің 2), 5) тармақтары).

2024 жылдың жаз айында сотталушылар өзара сөз байласу арқылы көшеден ит жануарын ұстап алып, оны бағанаға байлаған. Сотталушының бірі иттің үстіне жанар-жағар май құйып, өртеген, ал екіншісі ит жануарын темірмен бірнеше рет ұрып, нәтижесінде жануар өліп қалған. Сотталушылардың кінәлары куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәледенді.

Істі қарау барысында сотпен сотталушыларға қатысты тағылған айыптан «жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасауы» саралау белгісі дәлелденбеуіне байланысты алынып тасталды.

Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 316-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар: өкінуі, жас болуы және бұрын сотты болмағаны, сондай-ақ жазасын ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескеріле отырып, оларға 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.