Ата заң – тәуелсіз елдің тірегі – Диана Серікқанова
Әлемдегі әрбір тәуелсіз мемлекетте ғасырлар бойы көненің көзіндей сақталып келе жатқан, өз құнын жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, берік ұстанатын заңдар жинағы болады. Заңдарды жинақтау негізінде зайырлы елдің даму бағыты мен сындарлы стратегиясын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы қалыптасады. Бәсекеге қабілетті, жасампаз мемлекеттің өркениетінің орнығуына үлес қосатын заңды іргетасы – Конституцияның ашық түрде жариялануы міндетті.
Тарихи сәттерді еске түсіретін болсақ, осыдан 29 жыл бұрын бүкілхалықтық рефендумда Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет ретінде, Конституциямыз Ата заңды қабылдап, әлем елдеріне егемендігін жария етіп, тәуелсіздік тұғырын нығайта түсті.
Ата заңымызды қабылдаудың аясында Қазақстанның дербестігі жарияланып, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі сақталды, мемлекетімізде бейбіт өмір мен тыныштық орнады.
1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Ата заңымыз 9 бөлім 98 баптан тұрады, конституцияның алғашқы бабы демократияны қолдайтын, зайырлы мемлекеттің ең басты қазынасы – адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейді. Конституцияның дәл осы бабы мемлекетімізде өмір сүретін адамдардың таңдау құқығы мен еркіндігінің жоғары дәрежедегі құндылық екендігін дәлелдейді.
Конституциямыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын белгілей отырып, бірқатар айтулы міндеттерді жүктейді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір адам Конституцияның заңдарын сақтауға, өзге адамдардың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, мемлекеттік рәміздер мен ана тілімізді қадірлеп, қастерлеуге тиісті.
Ата заңымыздың ерекшелігі тәуелсіз халқымыздың мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, заң мен құқық мәртебесінің көтерілуіне зор ықпал етті.
Ата заң – бейбітшілік пен ынтымақтастыққа, егемендік пен теңдікке жетелейтін даңғыл жол. Республика аумағында орналасқан мемлекеттік органдар мен мекемелер, ұйымдар Конституцияны басшылыққа ала отырып, өз қызметтерін жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында Ата заң ең жоғары заңдық күші бар ресми құжат болып табылатындықтан, ел аумағында тікелей қызмет етіп, қоғамдық өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратындығы айқын жазылған. Сонымен қатар, мемлекетімізде шығарылып жатқан басқа да нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім шарттар Ата заңымыздың қағидаттарына қайшы келмеуі тиіс.
Конституцияның негізгі принциптеріне қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, халықтың игілігі үшін экономикалық даму, патриотизм мен демократияны дәріптеу жатады.
Президентіміз – Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халқымызға арналған Жолдауында Әділетті Қазақстанның экономикалық бағытын дамытуды негізге алады. Төрткүл дүниеде орын алып жатқан экономикалық дағдарыстарға қарсы әрекет жасап, халықаралық ахуалдарды ескеріп, халықтың әл-ауқатын көтермелеу үшін әлемдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, ұлттық заңнамамыздың тиімділін арттыру қажет. Еліміздің сыртқы экономикалық қарым-қатынастарына өзгеріс енгізу халықаралық еңбек нарығының жағдайын жақсартып, әлеуметтік деңгейімізді көтереді.
Мемлекеттің егемендігі – бірлік пен татулықты, саяси жүйені, әділ билікті қамтамасыз етеді. Жаңа Қазақстанның даму стратегиясын жетілдіру мақсатында қазақстандық конституционалист, профессор Е.Дүйсенов Конституцияда көрсетілген республиканың біртұтастығы мен аумақтық құрылымы, басқару нысаны, және оның қызметінің негізгі принциптері мен мәртебесі өзгермейтінін атап өтті.
Конституциялық заңдарың қағидаларын бір арнаға тоғыстырған – Ата заңымыз мемлекеттік егемендіктің қайнар көзі, саяси биліктің мызғымас тірегі.
Тәуелсіз көк аспан астындағы байрағымыз желбіреп, егемендігіміз асқақтай берсін, ел іргесі аман, келешегіміз кемел, мақсатымыз айқын болсын!
Диана Серікқанова
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы