Атақты боксшы Василий Жиров сарбаздармен кездесті
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы ұландық жауынгерлер бокстан аты аңызға айналған, Балқаш жолбарысы Василий Жировпен жүздесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионымен кездесуді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасы ұйымдастырды. 5571 әскери бөлімінде өткен шараға 300-ден аса сарбаз қатысты. Бұл туралы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Кез келген спорт түрі қатаң тәртіпті талап етеді. Жігіттер, сендерге айтарым тәртіпке қол жеткізіп, тек биік белестерді бағындыруларыңды тілеймін», - деді Василий Жиров.
Олимпиада чемпионы ұландық сарбаздарға өзінің қолтаңбасы қойылған боксерлік қолғабы мен фотосуреттерін естелікке тарту етті.
«Василий Жировтың әңгімесін зейін қойып тыңдаған сарбаздар ерекше рухтанып, кездесуден үлкен әсер алғандарына сенімдімін. Василий Жиров – халқымыздың мақтанышы, өзінің еңбегімен және табандылығымен әлемнің спорт аренасында Қазақстан туын желбіреткен спортшы. Вел Баркер кубогының иегерін шақырудағы біздің мақсатымыз – сарбаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Болашақта шың басына шыққысы келетін сарбаздарға аға буын өкілдерінің осындай ақыл-кеңесі ешқашан артық етпейді. Керегін түртіп алып, қажетіне жаратады. Сондықтан біз бұл игі дәстүрді жалғастыра береміз», - деді Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Арман Сейітов.
Кездесу соңында Василий Жировке «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреевтің атынан алғыс хат табыстады. Ал чемпион сарбаздармен естелік фотоға түсті.