Әртүрлі

Елордалық полицейлер зейнеткерлерді алдаған алаяқты ұстады

Астананың 28 жастағы тұрғыны зейнеткерлердің сеніміне кіріп, өзін әжелерге көмектесетін ерікті ретінде таныстырған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Алаяқ әйел 84 жастағы зейнеткердің есігін қағып, көмек көрсету сылтауымен пәтерге кірген. Әңгіме барысында ол отбасы мүшелерінің жоқтығын пайдаланып, дәретханаға баруды сұраған. Содан кейін әйел басқа бөлмелерден шкафтарды іздеген. 50 мың теңге көлемінде ақша тауып алып, оларды бутафорлық банкноттармен алмастырған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ол 82 жастағы тұрғынды да алдаған. Зейнеткердің азық-түлік сатып алуға деп қалдырған 40 мың теңгесін ұрлап әкеткен.  

Алаяқтың бірнеше рет сотталғаны анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта әйел Астана қаласы ПД УҰИ-на қамалды.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.