Әртүрлі

Астаналық полицейлер көліктен ақша ұрлаған азаматты ұстады

Тәртіп сақшылары көліктен ақша ұрлап, қашып кеткен астаналықты ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Таңертеңгі уақытта елордалық әйел көлігін көлік жуу орнына бірнеше сағатқа қалдырып, жұмыстарымен кетіп қалған. Автокөлік жуылған соң, әйел көлікті алып кеткен, бірақ бірнеше сағаттан кейін ол салонда болған ақшаның жоғалғанын анықтаған.

Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері салонға кіріп, ақшаны ұрлап кеткен 28 жастағы жігітті анықтады. Ол өз іс-әрекетінен кейін жұмыс орнынан ескертусіз кетіп қалып, қайта оралмаған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылғаны анықталды.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға бағалы заттарды өз көліктерінде қалдырмауға кеңес береді.