Әртүрлі

Астаналық азаматтың көлігін айдап кеткен шетелдік ұсталды

Астаналық азаматтың көлігін айдап кеткен шетелдік ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елорда тұрғыны жақында сатып алған құны 15 миллион теңгеден асатын көлігінің белгісіз біреудің айдап кеткені туралы полицияға хабарласқан.

Ер адамның айтуынша, ол сайттағы хабарландыру арқылы көлікті сатып алып, мәмілені автосалонда жасаған. Сатып алғаннан кейін көлікті оның әйелі пайдаланған. Жәбірленушінің әйелі көлікті кешкі уақытта тұрғын үй кешенінің паркингіне қойып, таңертең оның жоғалғанын анықтаған.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Li Auto L7 көлігін айдап кету дерегеніне қатысы бар 25 жастағы шетелдік азаматты ұстады.

Бейнебақылау камерасының бейнежазбалары ер адамның паркингке кіріп, көліктің құлпын телефондағы қолданба арқылы ашып, көлікке отырып қашып кеткенін көрсетті. Полицейлер күдіктіні елден қашпақ болған кезде тасжолда ұстады. Тергеу барысында оның бұрын көлігін өз елінде кепілге қалдырып кеткені және қарызын өтемегені үшін көліктің басқа адамдарға сатылып кеткені белгілі болды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шетелдік азамат Астана қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.