Әртүрлі

Астанада XVII «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі.

Марапаттау рәсімін аша отырып, Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

«Қоғамның жетілу деңгейі, адами, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарай өзгеруде. Осы өзгерістердің өзегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғау мен көмекті қажет етеді деген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стереотиптердің мәні жойылуда», – деді ол.

Мәжіліс спикері «Жан шуақ» сыйлығына қатысушылар – ерік-жігер мен ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жеңімпаздар екенін жеткізді. Оған – Ұлттық құраманың биылғы Паралимпиадада табысты өнер көрсетіп, Париж төрінде спортшыларымыздың 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілгені айқын дәлел.

Президент осы толағай табысты да ерекше атап өтіп, ел мерейін асырған барлық Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлерін мемлекеттік ордендермен марапаттады.