Астанада үш жасырын ет өңдеу цехы анықталды
Астанада мал ұрлығының алдын алу және қылмыстарды ашу мақсатында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның барысында заңсыз жұмыс істеген үш жасырын ет өңдеу цехы анықталды.
«Жедел іс-шара барысында шаруа қожалықтарының үш нысаны, фермалар мен жайылымдық жерлер, бес қасапхана тексеріліп, шаруа қожалықтарының иелерімен санитарлық нормалар туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 3 дерегі анықталды. 30 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, хаттамалар толтырылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда қосымша тергеу жүргізіліп, ұйымдастырушыларға қатысты шаралар қабылдануда.
Полиция департаменті азаматтарды күмәнді ет өнімдерін сатып алмауға, сондай-ақ заңсыз мал сою немесе ет өнімдерін сату фактілері туралы хабарлауға шақырады.