Астанада күтуші әйел жарты млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған
Астаналық әйел жарты жылға жуық жұмыс барысында жұмыс берушілердің сеніміне әбден кіріп, зергерлік бұйымдарды бірнеше рет ұрлағаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тергеу барысында жәбірленуші отбасының 29 жастағы елорда тұрғынын күтуші етіп жұмысқа алғаны анықталды.
Ол ұрланған мүлікті ломбардқа тапсырып, алған ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 550 мың теңгені құрады.
«Әйел өз кінәсін мойындады. Айғақты заттар алынды. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Жалданған қызметкерлердің өмірбаяны мен ұсынымдарын мұқият тексеріп, құнды заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.