Әртүрлі

Астанада былтыр мемлекеттік органдар 18 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мақсат Қасымов былтырғы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау жұмыстарының нәтижелері жайлы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

Сондықтан қызмет алушылардың, оның ішінде бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, құқық бұзушылық болған жағдайда заңдылықты қалыпқа келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Астана қаласының аумағында 200-ге жуық көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрінен былтыр 18 млн-нан астам қызмет халыққа ұсынылды, яғни күн сайын 50 мыңнан астам азамат өз құқықтарын іске асыруда.

Олардың ішінде 11,3 млн немесе 86%-ы ақпараттық жүйелер арқылы, ал 1,2 млн немесе 14%-ы қағаз түрінде көрсетілген болатын. 

Осыған байланысты, агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі – заңдылықты сақтау, қызметті алушылардың құқықтарын қорғау, жеке тұлғалар үшін де, кәсіпкерлік субъектілері үшін де көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз ету.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау шеңберінде департаментпен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарында 35 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру іс-шаралары жүзеге асырылды.  

Тексеру барысында 14 мыңнан астам заңбұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде, 22,5% – мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу, 18,48% – мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін сақтамау сияқты өрескел бұзушылықтар орын алған. 

Нәтижесінде, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 20 нұсқама енгізілді және олардың аясында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша 62 тиісті ұсыным енгізіліп, барлығы толығымен орындалды.

Оған қоса, бұзушылықтарға жол берген рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін 5 лауазымды тұлғаға қатысты 9 әкімшілік хаттама толтырылып, 332 280 теңге көлемінде айыппұл салынды және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 53 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ департамент мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қызметті алушылардың құқықтарын қорғау бойынша да белсенді түрде шараларды қабылдайды.

Бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің әділдігі мен тиімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады.

Осылайша, былтыр департаментке 71 арыз-шағым келіп түсті, барлығы да өз құзыреті шегінде қарастырылып, оның ішінде 20 өтініш бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді.

Сонымен қатар департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды іске асыру шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруді талап ететін мәселелерді анықтау, қызмет алушылардың қанағаттану деңгейінің төмендеуіне әсер ететін факторларға тұрақты түрде талдау жүргізу, сервистік процестерді автоматтандыру, қызмет көрсетудің тәсілін оңтайландыру бойынша ұсыныстарды әзірлей отырып, жұмыстарды атқарады.

Осы негізде халықтың мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын жеңілдету, жылдамдату мен оңтайландыру тетігі ретінде бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді үйден шықпай-ақ, электрондық үкімет порталына кіру арқылы қолжетімділікке жеткізу бойынша да бірқатар шараларды қабылдады.

Қорытындылай келе, департамент мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерінің және азаматтардың өтініштерін қарау бойынша маңызды жұмыстарды атқара келе, қызмет көрсетушілерді клиентке бағдарлануға, олардың қажеттіліктерін үнемі ескеріп, қызмет көрсету деңгейін арттыруға ынталандырып осы бағыттағы әрекеттерді тұрақты түрде жүргізеді.