Астанада Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арналған халықаралық форум өтті
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында аса көрнекті жазушы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арналған «Кемел тұлға келбеті» атты халықаралық форум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
ҚР МАМ қолдауымен ұйымдастырылған форум қатысушыларына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
«Әбіш Кекілбаевтың өнегелі өмірі тек жазушылықпен шектелмейді. Ол – мемлекетшіл қайраткер, ел болашағына адал қызмет еткен саясаткер, парасаттылық пен жауапкершіліктің символы. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың қатарында тұрып, ол өз бойындағы асқақ рух пен терең білімді ел игілігі үшін сарп етті. Әбіш Кекілбаев бізге болмысы биік тұлғаның қандай болуы керектігін көрсетті. Оның қалдырған өнегесі – мәңгілік. Ендігі міндет – осы мұраны сақтап, дамыту, Әбіш әлемін жаңа заманмен үйлестіру», – делінген құттықтау хатта.
Халықаралық форум аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбіш Кекілбаев әлемі» атты фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жазушының қолжазбалары, публицистикалық мақалалары, кітаптарынан 150-ге жуық еңбек, шығармашылық жолын бейнелейтін 20-дан астам фотосурет қойылды.
Іс-шара барысында қаламгердің «Дәурен кешкен» кітабының және түрік тіліне аударылған KUY кітабының таныстырылымы өтті.
Форум соңында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық театры Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» әңгімесінің желісімен қойылған спектакльді тамашалады.
Айта кетсек, биыл еліміздің әр түкпірінде заңғар жазушының мерейтойына арналған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр.