Астанада AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомының таныстырылымы өтті
Астанада Жайық өзеніне арналған AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кітап «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» («КҚК-Қ» АҚ) компаниясының қолдауымен жарыққа шығып отыр.
Оның таныстырылымына экология және табиғатты қорғау саласындағы ұйымдардың мамандары, фотографтар мен БАҚ өкілдері жиналды. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары, бірқатар министрлік пен ведомстволардың және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.
Жайық – еліміздің экономикасы мен экологиясында айрықша орны бар ең ірі су ресурстарының бірі. Ол бастауын Ресей жерінен алады. Башқұртстанды, Челябі, Орынбор өңірлерін және еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын көктей өтетін өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырымнан, ал Қазақстандағы бөлігі 1000 шақырымнан асады. Ол Каспий теңізіне құйғанға дейін ұланғайыр атыраптың табиғи ландшафтына, ондағы түрлі экожүйелер мен елді мекендердің тіршілігіне нәр береді.
Фотоальбом осы Жайық өзені алабының бірегей экологиялық жүйесін, оның табиғаты мен жан-жануарлар дүниесін қалың көпшілікке таныстыруды мақсат еткен. Соған орай альбомда қазақстандық және шетелдік фотографтар табиғат аясында түсірген сүтқоректілер мен құстардың, қосмекенділер мен жорғалаушылардың фотосуреттері берілген, жалпы түрлер бойынша ғылыми-танымдық ақпарат ұсынылған. Аудиторияны кеңінен қамту үшін кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған.
Жоба табиғат байлығын фотосурет арқылы көрсете отырып, ғылым мен өнерді, экологияны ұштастырған.
Кітапқа қазақстандық және шетелдік фотографтардың жұмыстары енгізілді. Альбомда өңірдің табиғи ландшафты мен биологиялық түрлердің әралуандығын, трансшекаралық өзеннің суы және биоресурстарының ахуалын көрсететін суреттер мен мәліметтер қамтылған.
Фотоальбомды құрастыру барысында «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясының қолдауымен Жайыққа 2019 жылы жасалған экспедицияда жинақталған материалдар да пайдаланылды. Бұл экспедицияда бірқатар шетелдік ғалымдар мен фотографтар тізе қосып, өңірдің экожүйесін зерттеген болатын. Экспедиция қорытындысы бойынша Атырау қаласында фотокөрме ұйымдастырылып, ол жұртшылық тарапынан зор қызығушылық тудырды. Фотокөрмеде ұсынылған кейбір фотосуреттер осы фотоальбомға да енгізілгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ кітапқа 2024 жылы көктемде болған су тасқынының салдарын көрсететін деректі фотолар да қосылған.
«Жаңа фотоальбом табиғат жанашырлары мен туған өлкеміз туралы көбірек білгісі келетін кез келген адамға пайдалы әрі маңызды ресурс болатынына сенімдімін. Кітап тиражы «КҚК-Қ» АҚ-тың құбыр желісі өтетін өңірлерді қолдау жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы аясында Қазақстан мен Ресейдің білім беру мекемелері мен қоғамдық кітапханаларына таратылатын болады», - деп атап өтті «КҚК-Қ» АҚ Бас директорының Қазақстан Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Фотоальбомды таныстырған шығармашылық топ жетекшісі, National Geographic Qazaqstan журналының шеф-редакторы Айбын Шағалақовтың атап өткеніндей, үш тілде дайындалған фотальбом 5 негізгі тақырыптық бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі сүтқоректілерге, екіншісі – құстарға, үшіншісі – бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділерге, төртіншісі ихтиофаунаға, бесінші бөлім су биылғы көктемде болған су тасқынына арналды.
«Біз осы фотоальбомда өзен алабындағы фауна өкілдерінің фотосуреттерін бере отырып, олардың жалпы популяцияларының жай-күйін таныстыруды, жекелеген мәселелерге назар аудартуды мақсат еттік. Өйткені өзен алабындағы тұмса табиғатты – жан-жануарлар дүниесін сақтау аса маңызды. Сақтау үшін алдымен жанашыр болу қажет. Ал жанашыр болу үшін ең алдымен өзіміз көбірек білуіміз, табиғаттың нәзік байланыстарын тереңірек түсінуіміз керек», - деді А.Шағалақ.
Іс-шара барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Сергей Пономарев, Атырау өңірінің тумасы, мұнай саласының ардагері Ұзақбай Қарабалин, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай сөз сөйлеп, ғылыми-танымдық фотоальбомның өскелең ұрпаққа өлкетану тұрғысынан берері мол екеніне тоқталды.
AQJAIYQ – «КҚК-Қ» АҚ демеушілігімен жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптар сериясының екінші басылымы. Бұған дейін AQBÓKEN Saiga tatarica деп аталған ғылыми-танымдық фотоальбомның жарыққа шығуына демеушілік еткені белгілі. Бұл кітап қазақ халқы киелі жануар санайтын ақбөкенге арналып, Каспий Құбыр Консорциумы да өзіндік елеулі үлесін қосқан киік популяциясын сақтау және көбейту баңдарламасының бір бөлшегіне айналды. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл кітаптың да тиражы еліміздің мектеп кітапханалары мен қоғамдық кітапханаларына берілді.
Жалпы фотоальбом оқу ордалары мен көпшілік оқырман үшін Жайық өңірін жан-жақты танытатын тағы бір құнды ресурс қызметін атқаратын болады. Басылып шыққан кітаптар Атырау қаласы мен Атырау облысының білім беру мекемелерінің кітапханаларына таратылады.