Әртүрлі

Astana Hub Battle: Орталық Азиядағы басты стартап конкурсының финалы өтеді

Астанада Халықаралық технологиялық форум Digital Bridge 2025 аясында өңірдегі ең ірі стартап-бәйгелердің бірі – Astana Hub Battle технологиялық стартаптар конкурсының финалы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Байқаудың жүлде қоры – $100 000. Төрт жеңімпаз команда әрқайсысы $25 000 алады.

Биыл онлайн-іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 50 стартап қатысады. Олардың ішінен үздік ондық форумның бас сахнасына шығып, халықаралық қазылар алқасының алдында өз жобаларын таныстырады.

Қазылар алқасының құрамына енгендер:

Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект министрі,

Павел Дуров, Telegram негізін қалаушы және CEO,

Арсен Томский, inDrive негізін қалаушы және CEO,

Мұрат Абдрахманов, MA7 Ventures негізін қалаушы,

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz теңқұрушысы және басқарма төрағасы,

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.

Финалдың жүргізушісі – танымал комик әрі шоумен Нұрлан Сабуров.

Күні мен уақыты: 3 қазан, 16:00

Өтетін орны: Халықаралық көрме орталығы, Generative Hall, 1-қабат

Astana Hub Battle стартаптарға инвестицияларға, менторларға, халықаралық нарықтарға және медиаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Байқау Қазақстан мен Орталық Азияның технологиялық экожүйесінің дамуына ықпал ететін кәсіпкерлер мен перспективалы шешімдерді анықтауға бағытталған.

Еске салайық, Digital Bridge 2025 форумы 2 қазанда басталып, 4 қазанға дейін жалғасады. Форум әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған қатысушыларды біріктіреді. Бағдарламаға алты негізгі бағыт енгізілген: Startups Bridge, Tech Bridge, Global Bridge, Gov Bridge, Talent Bridge және Creative Bridge, сондай-ақ Digital Bridge Awards сыйлығы, IT-компаниялардың көрмесі және Startup Alley.