Әртүрлі

«Астана Энергия» мекемесінде АЭС-тің энергетикалық қауіпсіздігі сөз болды

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың ақпараттық-түсіндіру жиыны «Астана Энергия» АҚ мекемесінде де өтті. Штаб мүшелері, әрі осы мекеме қызметкерлері атом энергетикасын салудың маңызды аспектілерін талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өзіміздің атом электр стансамызды салудың ең маңызды артықшылығы – экологиялық жағынан тиімділігі. Осы ретте «Астана энергия» АҚ өндіріс бойынша басқарма төрағасының орынбасары Олег Гармонщиков атом энергетикасын дамыту Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін арттыра түсетініне сенім білдірді. Өзге де спикерлер жаңа электр қуаты өндірісіне қатысты ойларымен бөлісті.

-Елімізде электр энергиясының жетіспеушілігі айқын сезіледі. Бүгінгі таңда біз Астанада тұтынатын электр энергиясының 60 пайызын өндіріп отырмыз. Қалған 40 пайызы шетелдерден сатып алынады. Әчіресе, еліміздің оңтүстігінде  энергия жетіспеушілігі қатты байқалады. Сол себепті энергетиктер Қазақстанда АЭС салу қажеттілігін өте жақсы түсінеді, - деді «Астана энергия» АҚ өндірістік бөлім бастығы Роза Құлмағамбетова.

Халықтық штабтың тағы бір мүшесі, «Астана энергия» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Гүлнұр Усина АЭС салу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтты.

-Әлеуметтік және экономикалық жағынан тиімділігі өте зор. Еліміз үшін осындай АЭС сияқты өзі тиімді, өзі қоршаған ортаға зиянсыз, қолданылуы 60-100 жыл аралығын қамтитын электр көзі өте қолайлы. Энергетикалық қауіпсіздігіміз жоғары деңгейде болса, даму қарқынымыз да артады, өзге елдердің бізге деген көзқарасы да басқаша болады. Сондықтан Қазақстанның өз атом электр стансасы болғанын құптаймыз және алдағы референдумда барша қазақстандықтар, әріптестеріміз дұрыс таңдау жасайды деген сенімдемін, - дейді Г. Усина.

Райхан Рахметова