«Ашық есік күні» аясында сотталғандар туыстарымен кездесті
30 тамыз – Конституция күніне орай Астана қаласы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №2 қауіпсіздігі жоғары мекемесінде ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл мекемеде Қазақстанның әр өңірінен келген 500 сотталған жазасын өтеп жатыр. Шара барысында шалыс басқан 33 сотталғанға ата-ана, бауырлары, балалары, яғни ең жақын туыстары арнайы келді. Ашық есік күніне Аршалы ауданының прокуроры Алия Сүлейменова, «Polisia.kz», сайты мен «Polisia Сақшы», газетінің журналистері де қатысты. Мекемеге келушілер сотталғандардың тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Жатын орындарын, асхана мен жұмыс орындарын аралады. Тіпті олар сотталғандардың қолдарынан шыққан бұйымдарды да тамашалады. Сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Виталий Сергеевичтің айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты – сотталғандардың туыстары мен мекеме әкімшілігі арасында сенімді қарым-қатынас орнату. Жаза басқандар мен олардың туыстары арасында мызғымас байланысты нығайту, сондай-ақ жазасын өтеушілерге моральдік-психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп, өмірге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру.
«Ашық есік күні» жобасын үзбей ұйымдастырып отырған абзал. Өйткені темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандар мен туыстарының байланысы екі жаққа да пайдалы. Әр өңірден бірі баласын, бірі бауырын, бірі жарын іздеп келеді. Бір-біріне жылы сөздер айтады. Сотталғандар сыртта өздерін асыға күтіп отырған жақындары бар екенін сезінеді. Мұндай қарым-қатынас мекемеде жазасын өтеп жатқандардың бостандыққа шығуға деген ынтасын арттырады. Біз сотталған азаматтарға барынша қолдау көрсетуіміз керек», – деді Алия Сүлейменова.
Бұл мекемеде ҚР Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары бойынша кінәлі деп танылған сотталғандар отыр. Солардың бірі – Ертай (есімі өзгертілді). Жасы – 35-те. Заңсыз әрекетке барғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Берілген мерзімнің 11 жылы артта қалды.
«Менде бәрі бар. Тек бостандығым жоқ. 11 жылдан бері осында отырмын. Бұйыртса, бір жылдан соң бостандыққа шығамын. Сол күнді отбасыммен асыға күтіп жүрміз. Бүгінгі кездесуге жан-жарым келді. Өте қуаныштымын. Аз уақытқа болса да, әңгімелесіп, сағынышымызды басуға тырыстық. Бізге осындай қуаныш сыйлаған, осылай қолдау көрсетіп отырған мекеме басшылығыны, қызметкерлерге алғысымды айтамын», – дейді сотталған Ертай.
Темір тордың арғы жағындағы балаларын сағынған ата-аналар да бір қуанып қалды.
«Ұлымды көріп, төбем көкке бір елі ғана жетпей тұр. Перзентімнің жазасын қалай өтеп жатқанын өз көзіммен көрдім. Асханасы, жатын орны, жалпы тазалық менің көңілімнен шықты. Тіпті олардың бос уақытта немен айналысатындарына да куә болдым. Жасаған бұйымдарын көрсеңіз ғой…Мекеме басшылығына алғысымды білдіремін», – дейді ұлының бостандыққа шыққанын тағатсыздана күтіп жүрген ана.
Арнайы ұйымдастырылған жоба концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, осы жылда мұндай іс-шара екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін наурыз айында өткен болатын.