Әртүрлі

Аса ірі алаяқтық жасады деген тағы бір күдікті Ресейден экстрадицияланды

Бас прокуратура аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Күдікті 2019-2022 жылдары Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола отырып, клиенттердің атынан оларға несие рәсімдеген.

Әрі қарай банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізгеннен кейін ақшаны достарының есепшотына аударып, қолма-қол ақшаға айналдырған. 

«Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 млн.теңге көлемінде залал келтірілді. Қылмыс жасағаннан кейін  қашып кетуіне байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды, содан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елімізге экстрадицияланды», - деді Бас прокуратура.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.