Қарулы күштерде үздік сержант анықталды
Жамбыл облысында Қазақстан Қарулы күштерінің үздік сержанты атағына орай өткізілген XIV Бүкілармиялық конкурстың қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бір апта бойы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде Қазақстан армиясының ең мықты деген 118 сержанты кәсіби шеберліктерін көрсетуден сайысқа түсті. Олар команда есебінде де жарысты, оған қоса жеке сайыста өздерінің шеберліктерін көрсетіп бақты.
Бүкілармиялық конкурсқа өз өңірлерінде көшбасшылық қасиеттерімен көзге түскен бөлім командирлерінен бастап штаб сержанттарына дейінгі жеті санатта сержанттар қатысты. Әскери қызметшілер мықтылық, төзімділік, табандылық пен мақсатқа ұмтылысты көрсете отырып, бар күш-жігерін танытты.
Байқау «Айбын», «Қайсар», «Керуен», «Мерген», «Білімпаз», «Сері» деп аталатын алты кезеңнен тұрды. Апта бойы әскери қызметшілер полигонда марш жүгіру және стадионда жүгіру кезінде ондаған шақырымды артқа тастады. Ату және граната лақтырудан талай нысананы алды, біраз шақырымға жер бауырлап жетті, шартты түрде ұрыс даласында жараланғандардың барлығын құтқарды.
– Бүкілармиялық конкурс өткізу сержанттарды даярлауды жетілдіруге ықпал етіп, оларды қызметтегі жеткен жетістіктері үшін жігерлендіру факторы. Қол астындағылардан жауынгерлік және дене шынықтыруда жоғары нәтижелерді талап ете отырып, сержанттардың өздері көпке үлгі болуы керек. Олардың жетістіктері – сержанттардың кәсіби шеберлігінің дәлелі, – деп атап өтті Қарулы күштердің Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов.
Жалпы командалық есепте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы Бүкілармиялық сержанттар конкурсының жеңімпазы атанды. Екінші орынды Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің құрамасы еншіледі. Үшіншісі 14776 әскери бөлімінің сержанттарына бұйырды.
Үздік сержант атағына Қазақстан Әскери-әуе күштерінің өкілі (54835 әскери бөлімі), 3-сыныпты сержант Дархан Аслан лайық деп танылды. Дархан – Халықаралық армия ойындарының «Бейбітшілік жауынгері» байқауының бірнеше дүркін қатысушысы. Көптеген адамдар оның дайындық сапасына таң қалды.
– Бәсекелестік күшті болды, барлық сержанттар жақсы дайындалған, сондықтан жеңіске жету оңай болған жоқ, – деді Дархан Аслан. – Бірқатар кезеңдерде менің жолдастарым тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл жеңісімді өзім қызмет ететін Әскери-әуе күштеріне арнаймын. Маған қолдау көрсетіп, сенгені үшін достарым мен әріптестеріме алғыс айтамын.
Екінші орынды Талдықорғандағы ДШӘ десанттық-шабуылдау бригадасының сержанты 3-сыныпты сержант Рауан Тоқтарбеков алды. Үшінші орынды Қорғаныс министрлігі Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледжінің атынан келген 3-сыныпты сержант Темірлан Байзулин иеленді.
Конкурстан тыс, алайда полигондарда нәтижелерге қол жеткізуге толық және шынайы ұмтылыспен АҚШ Ұлттық ұланының сержанттары сайысқа түсті. Шебер-сержант Темірбек Халықов атап өткендей, олардың қатысуы әскери қызметшілерге сержанттар құрамын даярлау әдістемелерін салыстыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
XIV Бүкілармиялық сержанттар конкурсының соңы жеңімпаздарды кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапаттау рәсімімен аяқталды.