Қарағандыда әскери қызметшілерге қаржылық сауаттылық бойынша дәріс өтті
Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 әскери бөлімінде қаржылық сауаттылық тақырыбында танымдық дәріс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның мақсаты – әскери қызметшілердің қаржыға деген жауапкершілігін арттыру, тиімді жоспарлау мен жеке бюджетті басқару дағдыларын қалыптастыру. Дәріс барысында мамандар несие алу және төлеу тәртібі, электронды банкинг, алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары, сондай-ақ депозиттер мен инвестициялар туралы кеңінен мәлімет берді.
Сұхбат форматында өткен кездесуде әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы түсініктерін кеңейтті.
Мұндай кездесулер әскери қызметшілердің тек кәсіби ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық сауаттылығын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. 5516 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы өз алғыстарын білдіре отырып, мұндай игі шаралардың дәстүрге айналуын қолдайтынын жеткізді.