Әртүрлі

Қарағандыда ресурстық тіл орталығы кәсіпкерлерге тегін қызет көрсетеді

Қарағандыда сыртқы жарнаманы стандарттау жөніндегі әлеуметтік жобаның кезекті кезеңі жалғасуда. «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы қараша айына дейін жалғасады. Бұл туралы Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығының мамандары кәсіпкерлерге жарнаманы немесе басқа да визуалды ақпаратты қазақ тіліне тегін аударып беруге дайын. Ол үшін Call-орталыққа +7-775-163-00-00 нөмірі бойынша қоңырау шалу қажет.

«Call-орталық кәсіпкерлерге көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілге сапалы және тегін аударуға көмектесу үшін құрылған. Жыл басынан бері Қарағандыда іске асырылып жатқан «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы аясында сall-орталыққа келіп түскен мыңға жуық жарнамалық мәтіндердің қазақ тілінің грамматикасына сәйкестігі тексеріліп, қателер түзетілді», – деді ресурстық тіл орталығында.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы тілдер мен жарнама туралы заңнама талаптарын сақтауын мониторингтеу, сондай-ақ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне визуалды ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды түсіндіру.