Қарағандыда екі жұмысшы кәріз құбырын ауыстыру кезінде қаза болды
Қарағандыда Шахтерлар даңғылында коммуналдық жұмыстар жүргізу кезінде «NS Система» ЖШС мердігер ұйымының екі жұмысшысы қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қайғылы жағдай кәріз құбырын ауыстыру кезінде болған. Сол уақытта траншея ішінде кенеттен топырақ опырылып түскен. Екі қызметкер үйінді астында қалып, көз жұмған. Осы факті бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 277-бабы 3 тармағы яғни абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу барысындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу бабымен іс қозғалды. Жедел-тергеу тобымен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала болжамға сәйкес, жәбірленушілер кәріз құбырларын ауыстыру барысында үйінді астында қалғаны анықталып отыр», - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.