Әртүрлі

Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында жол қауіпсіздігі күшейтілді

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, ерекше назар білім беру мекемелерінің маңындағы көшелерге аударылып жатыр.

«Жаңа оқу жылы басталғанға дейін көше-жол желісі қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі үшін жан-жақты жұмыс атқарылуда. Қазіргі уақытта тротуарлар абаттандырылып, жол белгілері жаңартылуда, жол таңбалары сызылып жатыр. Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 200 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызылып, екі мыңнан астам жаңа жол белгісі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, -деді Асхат Құлбаев.