Алматыда «Шуағын төккен өрнектер» атты кітап көрмесі ашылды
Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының 90 жылдығына арналған кітап көрмесі ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық кітапханада Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығына арналған «Шуағын төккен өрнектер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – оқырмандарға Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының тарихы мен даму кезеңін көрсету әрі таныстыру.
Көрмеге Ұлттық кітапхана қорынан 200 басылым, соның ішінде кітаптар, журналдар, күйтабақтар мен CD-дисклер қойылған.
Көрме екі бөлімнен тұрады. «Филармонияның өсу жолы» атты бірінші бөлімде Қазақ филармониясының өмірбаяндық ақпараты мен тарихын қамтитын әдебиеттер ұсынылған. «Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы – бүгін» атты екінші бөлімде музыкалық шығармашылығы, көрнекті музыканттар мен ұжымдар, сондай-ақ филармонияның қазіргі жетістіктері туралы әдебиеттер бар.
Айта кетейік, кітап көрмесі 28 ақпанға дейін жалғасады.