Алматыда үшем дүниеге келді
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығында дүниеге үшем келді, деп хабарлады Elordainfo.kz орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш бірдей қыз баланың бақытты ата-анасы – Эльмира Рысманова мен оның жұбайы Нұрмахан Әлібаев. Жүктілік үшем көтерген кезде өте сирек кездесетін табиғи жолмен, яғни көмекші репродуктивті технологиялардың көмегінсіз болған.
Балалардың анасы 31-ші аптасында Қалалық перинаталдық орталыққа түсті. Мерзімінен бұрын босану қаупіне және үштік жүктіліктің ерекшеліктеріне байланысты оған шұғыл кесарь тілігі жасалды.
Тәжірибелі дәрігерлердің күрделі, алайда сәтті жасалған операциясының нәтижесінде үш қыз дүниеге келді:
• сағат 14:07-де – салмағы 1711 грамм, бойы 43 см қыз;
• сағат 14:08-де – салмағы 1748 грамм, бойы 40 см қыз;
• сағат 14:09-да – салмағы 1493 грамм, бойы 40 см қыз.
Оларға Фатима, Зухра және Аиша есімдері берілді.
Сәбилер бірден жаңа туған нәрестелердің реанимация бөліміне орналастырылды. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Өмірлерінің алғашқы минуттарынан бастап қыздар дәрігерлердің қамқорлығы мен жіті бақылауында. Перинаталды орталық мамандарының кәсібилігінің арқасында нәрестелер қуаттанып, денсаулықтары күнсайын нығайып келеді.
Ерекше жүктіліктің барлық қиындықтарына қарамастан, 36 жастағы ана да қазір өзін жақсы сезінуде және дәрігерлерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтып отыр.
«Бұл менің үшінші егіздерім. Біздің отбасымызда 2019 және 2022 жылдары дүниеге келген 2 жұптан егіздеріміз өсіп жатыр. Ал енді, 2025 жылы, дүниеге үшем әкелдім! Аллаға шүкір, енді бізде 10 бала бар.Қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтарына, дәрігерлеріне және барлық мамандарына шын жүректен алғыс айтамын. Дәрігерлердің кәсібилігінің және қамқорлығының арқасында бәрі сәтті өтті»,- деді көпбалалы ана Эльмира Рысманова.
Қалалық перинаталдық орталықтың басшылығы медициналық ұжымның жоғары кәсібилігін алға тартып отыр. Соның арқасында үшемнің босануын сәтті өткізіп, үш баланың өмірін сақтап қалу және ұқыпты түрде емделуін қамтамасыз ету мүмкін болған.
Бұл биыл перинаталдық орталықта дүние есігін ашқан алғышқы үшем.
Айта кетейік, 2024 жылы Алматы қалалық перинаталдық орталығы 16 700-денастам ана мен олардың жаңа туған нәрестелеріне медициналық көмек көрсетті, 9014 баланың дүниеге келуіне жәрдемдесті. Орталық қаладағы барлық мерзімінен бұрын босанған әйелдердің 62% қабылдаған.