Әртүрлі

Алматыда полицейлерді балағаттаған дебошир ұсталды

Оқиға Алматының Түрксіб ауданындағы дәмханалардың бірінің жанында болған, деп хабарлады Elordainfo.kz Алматы қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«102» пультіне алкогольдік масаң күйдегі белгісіз ер адамның өзін агрессивті ұстауы, қоғамдық тәртіпті бұзып, өзгелерді қорқытып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу патрульдік жасақ жіберілді.
Келген полиция қызметкерлері құқық бұзушыны тыныштандыруға тырысқанымен, ол бағынбай, полиция қызметкерлерін көпшілік алдында балағаттап, арандатушылық әрекеттерін жалғастырған.
Ер адам ұсталып, полиция Басқармасына жеткізілді.
Оған қатысты қоғамдық орынға алкогольдік масаң күйде шығып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік қызметкерлерді балағаттау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.


«Заңды және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын елемеушілікке жол бермейміз. Қорлау, шабуыл жасау, бағынбау деректерінің әрқайсысына құқықтық баға беріледі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз, мұндай әрекеттерге табанды түрде тосқауыл қойылады», - деді Түрксіб аудандық полиция Басқармасының бастығы Думан Аухадиев.