Алматы облысында білім саласының қызметкерлері жазаланды
Алматы облысында білім беру саласындағы заңсыздықтың жолы кесілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Белгілі болғандай, Іле аудандық білім бөлімі қызметкерлері нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған тұлғаларға жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Бұл әрекет арқылы олар 686 миллион теңге көлемінде қаржыны жымқырды.
«Л. Каткеева лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзінің жүргізушісін білім бөліміне қарасты мектеп-гимназияға заңсыз жұмысқа орналастырып, оған 4,9 миллион теңге көлемінде жалақы төленген. Л. Каткеева өз іс-әрекеттері үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды»,- делінген хабарламада.
Бұл іске қатысы бар білім бөлімінің 7 бухгалтеріне де үкім шықты. Оларға мемлекеттік қызметте 10 жыл бойы жұмыс істеуге тыйым салынып, 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Соттың шығарған актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы мен Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілік тек соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.