Әртүрлі

Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары кісі қолынан қаза болды

Астанада 30 қазанға қараған түні Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров соққыға жығылып, қайтыс болды, деп хабарлады Elordainfo.kz NEGE порталына сілтеме жасап.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Ержан Бабақұмаров кешті таныстарымен бірге өткізгені анықталды. Жиналғандар арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Дене жарақаттарының салдарынан Бабақұмаров қайтыс болған.

Астана қаласы Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Бұрын таныс адамдар арасында төбелеске айналған ауызша жанжал туындағаны алдын ала анықталды. Алған жарақаттарының салдарынан 56 жастағы ер адам қайтыс болды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген ПД хабарламасында.

Қазір оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

NEGE порталының хабарлауынша, биыл ақпан айында ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған.

Ержан Бабақұмаров еңбек жолын 1995-1996 жылдары – Қазақстан даму институтының саяси зерттеулер орталығының ішкі саясат бөлімі меңгерушісі, директоры лауазымынан бастаған. 

1996 жылы Алматы қаласы әкім аппаратының бас маманы болды.

1996-2004 жылдары – 2004 жылдың сәуір-қыркүйегі – ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы.

2004 жылдың қыркүйегі – 2005 жылдың наурызы – ҚР Президенті Әкімшілігінің аға референті, кеңесшісі, сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2005 жылдың наурызы – 2006 жылдың ақпаны – ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі.

2006 жылдың ақпаны – 2007 жылдың қазаны – ҚР Мәдениет және ақпарат, мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі.

2007 жылдың қазаны – 2008 жылдың мамыры – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы.

2008 жылдың мамыры – 2012 жылдың қазаны – ҚР Премьер-министрі кеңсесі меңгерушісінің орынбасары.

2012 жылдың қазаны – 2016 жылдың маусымы – ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің директоры.

2016 жылдың маусымы – 2018 жылдың желтоқсаны – ҚР Премьер-министрі кеңсесі меңгерушісінің орынбасары.

2018 жылдың желтоқсаны – 2019 жылдың сәуірі – ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі.

2019 жылдың 5 сәуірінен 5 шілдесіне дейін – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі.

2019 жылдың 5 шілдесінен бастап – Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.

Қаңтар оқиғасынан кейін ол сол кездегі әкім Бақытжан Сағынтаевпен бірге қызметінен кеткен. Соңғы атқарған қызметі – Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры.

Қазір марқұмның артында зайыбы мен екі баласы қалды.