Әртүрлі

АЭС салу – елдің ұзақ мерзімді мүддесін көздейтін жоба

Орнықты энергия базасын құру ауқымды міндет. Үлкен энергия көзін бір жерге жинап алып, сосын оны ретімен пайдаланып, сата береміз деген түсінік жоқ. Энергияны өндірдің бе, табан астында керегіңе жаратып үлгеру қажет. Артығын сол сәтте-ақ сатып жіберуге асыққан ләзім. Өйткені ол кәдімгі жел сияқты. Уысыңда ұстап тұра алмайсың. Мамандар осы жүз жылдықта АЭС қана орнықты үлкен энергия базасы бола алатынын айтып отыр. Сондықтан оның артықшылығын білген абзал, деп хабарлады Elordainfo.kz dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

Халық үшін референдум кезінде шешім қабылдау да оңай емес. Өйткені адамзат басынан өткен апаттар кесе-көлденең шыға береді. Бірақ интернет түймесін түртіп ізденген жан 60-70 жыл бұрынғы реакторлардың І буыны мен қазіргі заманауи ІІІ+ буыны арасындағы ара салмақты ажырата білсе керек.

Оның үстіне, жарты ғасыр бұрынғы кезеңмен салыстырғанда экономика да өрістей түсті, ғылым да әжептәуір дамыды. Мұндай өркениет игіліктері экономикалық тиімді көрсеткіштерді ұсынуға, экологияға залалын тигізбеуге қабілетті болып отыр.

Қазіргі ахуал өзгермесе 6-7 жылға жетпей елде электр энергиясы тапшылығы басталады. Су электр стансаларын салуға тауларымыз бен одан сарқыраған өзендеріміз аздық етеді. Жылу электр стансалары тиімсіз болады. Ондай стансаға инвестор тарту да қиын. Әрі өзіміздің де халықаралық міндеттемеміз бар, инвесторлар да экологиялық салық төлемі көп шығатын жобаға қаржы салуға құлықсыз.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, біз сияқты тегіс жерде жайғасқан елдердің барлығы негізгі электр энергиясын АЭС-тен алады. Жазық жерде орналасқан Сауд Арабиясы мен Франция осы сөзімізге анық дәлел болмақ.

АЭС салуға батыл қадам жасауымызға тағы бір ілкімді себеп – елдегі мол уран қоры. Оны экспортқа шикізат ретінде ғана сатпай, электр энергиясына айналдырып сататын болсақ, пайда әркез біздің жағымызда болмақ. Тек электр энергиясын сатумен 2-3 млрд долларлық табыс табуға мүмкіндік бар.

Тағы бір себеп – бірнеше реактор қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Ядролық институттарымыз және онда білікті ғалымдарымыз, мамандарымыз бар.

Мемлекет бұл тарапта кадр тапшылығын да туындатпаймыз деп отыр. АЭС құрылысының басталуы жастарды осы бағытқа қарай ұмтылуға жігерлендірсе керек. Аралас салаларда бірнеше жұмыс орны ашылады. Ғылым жаңа өріс алады. Физика, химия, биология мамандарына сұраныс артады.

Нәтижесінде, қазіргідей тек изотоптар шығарумен шектелмейміз. АЭС-тің орналасатын орны да тиімді. Электр энергиясы тапшылығын қазірдің өзінде көріп отырған оңтүстік өңірге жақын. Сондықтан ішкі жалпы өнімге де, бюджетке де оң әсер етеді.

Ең маңыздысы, экологиямыздың көп мәселесін шешеді. Әсіресе қыста Алматы ауасын жылу электр стансаларынан құтқару мүмкін болады. Әбден тозығы жеткен олардың қызметін тоқтатып, бейбіт атом қуатын пайдаланамыз.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың осы пікірін оқып шықтым. Халықтың алаңдаушылығы мен көп сұрақтарының біршамасы қамтылған екен.

Осындай ғалымдардың ой пікірін оқығанымыз дұрыс, әсіресе жастардың!

Біз еліміздің болашағын ойласақ, бұрынғы газ қондыру кезінде де қарсылықтар мен үрей болған. Ал қазір газсыз отыру дегенді түсінбейміз. Оның пайдасын халық көруде.

Жаһандық энергия тапшылығы жағдайында және Қазақстан экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін ескере отырып, атом энергетикасын дамыту маңызды қадам болып табылады.

Осы мәселе бойынша ұлттық мүдделерімізді және еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, ұзақ мерзімді шешім қабылдау өте маңызды. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың референдумға келіп, өз пікірін білдіруге шақырғанын қолдаймын.

Біз болашақты жоспарлай отырып, елдің ұзақ мерзімді мүдделері мен оның ерекше қажеттіліктерін ескеруіміз керек. Сондықтан АЭС салу мәселесінде кең талқылау мен қоғамдық келісімге негізделген ойластырылған шешім қабылдау маңызды.

6 қазанға белгіленген референдум азаматтардың еліміз үшін маңызды стратегиялық шешімдер қабылдауға қатысуы мен ашық диалогтың айқын мысалына айналмақ. Бұл қадам «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясына және жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің дамуына деген адалдықты көрсетеді.

Барлық қазақстандықтарды референдумға белсенді қатысып, еліміздің болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосуға шақырамын!

Роза Махамбетова,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

инженер гидротехник,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық

зерттеу университетінің

қауымдастырылған профессор м.а.