Әртүрлі

Қазақстан АЭС салғанда өзін ядролық отынмен қамтамасыз ете ала ма

Қазіргі таңда әлемдегі уранның 40 пайызы елімізде өндіріледі. Ал табиғи қоры жағынан Аустралиядан кейін екінші орында тұр. Қазақстан осы ресурстың әлемдік қорының шамамен 13 пайызына иелік етеді. Алдағы референдум нәтижесінде атом электр станциясын салу мақұлданса, онда мамандар станцияны отынмен қамтамасыз ете алатынымызды айтады.

2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік уран нарығында көшбасшылық орнын сенімді сақтап, әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп келеді.

«Қазатомөнеркәсіп өндіру кезінде кен орындарын игерудің ең қауіпсіз және экологиялық таза әдісі, жерасты ұңғымалы шаймалау әдісін қолданады. Бұл әдісте уран жер бетіне шығарылмай өндіріледі. Шахталық және карьерлік өндірістен айырмашылығы бұл технология жер бетіне теріс әсер етпейді. Сонымен қатар, өндірудің төмен құнын және өндіріс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы жоғары көрсеткіштерді қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазатомөнеркәсіп ядролық отынның жаһандық нарығында өзінің қатысуын белсенді түрде кеңейтуде. Біз табиғи уранды өндіру және жеткізумен шектелмейміз. Біз өзге де құны жоғары өнімдерді өндіру мен сатуды дамытамыз. Бұл бізге озық технологияларды игеруге, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа нарықтарға жол аша отырып, әлемдік нарықта кешенді шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді», - деп жауап берді «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ компаниясының PR департаменті.

Ядролық-отын циклін дамыту үшін уран өңдеуші кәсіпорын – Үлбі металлургиялық зауыты (ҮМЗ).

«Бұл зауыттың көп жылдық тарихы, технологиялары сондай-ақ білікті инженерлік-техникалық кадрлары бар. ҮМЗ  – еліміздің атом саласының флагманы. Оның өнімдерін  тұтынушылар қатарына Франция, Жапония, Қытай, АҚШ, Ресей секілді 20-дан астам ел кіреді. 2021 жылдың соңында біз «Үлбі-ЖБҚ» жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ), яғни дайын ядролық отын өндіретін зауытын іске қостық. Ядролық отын зауыты 2022 жылдан бастап өндіріс көлемін жоспарлы түрде арттыруда. Ал  биыл жыл соңына қарай 200 тонна өндірістік жобалық қуаттылыққа қол жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда елімізде өндірілген ядролық отын Қытайдағы атом электр станцияларына сәтті жеткізіліп, қолданылып жатыр», - деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.

Ядролық отын циклі саласындағы жобаларды іске асырудың арқасында Қазатомөнеркәсіп жаңа өндірістерді құрып қана қоймай, жаңа білім мен құзыреттерге ие болуда. Сонымен қоса, әлемнің жетекші компанияларының атом саласындағы үздік тәжірибелерді қабылдап, өз мамандарының біліктілігін арттыруда.

Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтеді.

«АЭС-ті қаржыландыруға, құрылысқа, қатысу нысанына сонымен қоса АЭС салуға байланысты басқа да мәселелерге қатысты шешім қабылдау – Үкімет құзыретіндегі мәселе. Қазатомөнеркәсіп – уран мен ядролық отынның импорты мен экспорты бойынша еліміздің ұлттық операторы. Ол АЭС-ке арналған ядролық отын компоненттерін өндіру үшін қажетті технологиялық мүмкіндіктер мен адами ресурстарға ие. Сондай-ақ өзі үшін жаңа өндіріс саналатын ядролық отын өндіруде жеткілікті құзыреттер жинақтады», - деп жазылған хабарламада.