Әртүрлі

АЭС-пен ЖЭС-тің айырмашылығы неде

Бұл сұрақты энергетик-сапаршылар мен ғалымдарға қойып, екі станцияның айырмашылығы және энергия беру үдерісі туралы білдік.

Академик, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бірлесбек Алияровтың сөзінше, уран мен көмірден қуат алатын станцияның айырмашылығы ошақтан шығатын жылуында ғана. Бу шыққаннан кейінгі функция екеуінде де бірдей. Тек ошақтың ішінде жылу беретін көзі өзгеше болады.

Бұл сөзді Ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары, ядролық физика бойынша PhD докторы Дарын Бөргеков те растап отыр.

Екеуінің электр энергиясын өндіру тәсілі ұқсас. ЖЭС дәстүрлі энергия көзі ретінде өз қызметін толық атқаруда. Әлі алдағы 20-30 жылға дейін атқарады. Бұларды экология тұрғысынан салыстырғанда, артықшылығы мен кемшілігі белгілі болады.

ЖЭС-тің шикізаты не? Әрине, көмір. Көмір – ел энергетикасының негізгі қоры. Қарағанды бассейнінің көмірі – көбінесе кокстелетін көмір. Жер астынан шахта тәсілімен алынады. Ал Екібастұздағы көмір карьерлері жерді қазу арқылы пайда болды. Көмір өндірілген кезде метан шығарындысы пайда болуы мүмкін, бұл атмосфераны ластайды. Күл бөлшектері мен улы қосылыс, қатты және газ тәрізді заттар ауаға түседі. Күл желмен ұшып, одан да радиация бөлінеді. Бұл тұрғыдан алғанда, АЭС-ті «жасыл» энергияға қосуға болады, – деді.

Яғни АЭС-тің де, ЖЭС-тің де жұмыс істеу механизмі ортақ. Тек ЖЭС-тен ауаға көп мөлшерде көмірқышқыл газдары бөлініп, азон қабатына зиянын келтіреді. Ауаға бөленетін көмірқышқыл газдарының 60 пайыздан астамы ЖЭС-тен бөлінеді екен. Ал, АЭС «жасыл» энергия көзіне жатады.

Екінші жағы, ЖЭС-тен энергия алу үшін тонналап көмір жағып, оны тасымалдау және сақтау, станциядан шыққан күлді арнайы орынға жинау сынды күрделі процесстен өтеді. Ал, 1 келі уран 100 тонна көмір, 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Әрі атом станциясы тұрақты 100 жылға дейін қызмет етеді. Демек АЭС энергетикалық тұрғыда тәуелді болмауда септігі тиеді.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ