Әртүрлі

Ақтаудың жылу желілерін қалпына келтіруге 5 млрд теңге бөлінді

Үкімет Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялауға қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Құжат Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін 5 млрд теңгені Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударуды қарастырады.

Атап айтқанда, бұл қаражат жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды ескере отырып, жұмыстың жалпы құнының 10% мөлшерінде ұзындығы 11,5 шақырым ең тозығы жеткен автожол учаскесін реконструкциялауға бағытталады.

Бұған дейін мердігер ұйым қаражаты есебінен шамамен 11,5 шақырым жылу желісі тартылған болатын. Жалпы, 2024-2026 жылдары аралығында тозу деңгейі 75%-дан асатын 44 шақырым магистралды жылу құбырын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Айта кету керек, Ақтау қаласы жылу желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бері қолданыста, – делінген Үкімет хабарламасында.

Қабылданған шаралар нәтижесінде желілердің тозу деңгейі төмендетіліп, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызметтер көрсетуге және жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.