Әртүрлі

Ақтау Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы болып жарияланды

Түрікменстан астанасы Ашхабадта Түркі мәдениеті және өнерін дамыту халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың 41-отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияның мәдениет саласының өкілдері, халықаралық ұйымдардың басшылары және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Кездесу барысында түркі мәдениетін дамыту және түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық қатынастарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар түркітілдес халықтардың мәдени мұрасын сақтау және насихаттау бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыру туралы шешімдер қабылдады.

2025 жылы Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына арналған іс-шаралардың жоспарлары, түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын насихаттау және тұрақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесі мүше мемлекеттерден түскен барлық ұсыныстар мен ұсынымдарды қарастырып, 2025 жылға арналған ТҮРКСОЙ қызметінің бағдарламасын бекітті. Қабылданған шешімдер Түркі әлемі халықтарының ортақ тарихын тереңірек түсінуге, сондай-ақ мәдени және мемлекетаралық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі ТҮРКСОЙ министрлерінің 42-отырысын үйлестіруші болып тағайындалды. Келесі отырыс Қазақстанда өтеді.