Ақтөбе су қоймасында көктемгі су тасқынына дайындық басталды
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Ақтөбе су қоймасын 80%, Қарғалы су қоймасын 66% және Сазды су қоймасынан 60%-ға босатты, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда үш су қоймасында 382 млн текше метр су қабылдайтын бос орын бар.
Қоймалардан су жіберу жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін Ақтөбе және Қарғалы су қоймалары қосымша 200 млн текше метрден, Сазды су қоймасы 5 млн текше метр су қабылдай алады.
Осылайша, үш қойма тасқынды қауіпсіз өткізу үшін 405 млн текше метрге дейін су қабылдай алады.
Сондай-ақ, Ақтөбе су қоймасын толық жаңғырту жұмыстары аяқталды. Айта кету керек, нысанда қолданысқа берілген 1988 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Осыған қарамастан, биыл су қоймасы тасқын кезінде үлкен жүктемеге төтеп беріп, 540 млн текше метр су өткізе алды.
Сазды су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, мұздан қорғау қабырғасы орнатылды. Қарғалы су қоймасында көтергіш механизмдер мен қақпа тізбектері ауыстырылды.
Мәртөк ауданының су қорғау бөгеттерінің және лиманды суару жүйесінің учаскелері қалпына келтірілді.
«Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда, бүгінде су қоймалары жұмысының кестесі әзірленді. Бос сыйымдылықтарды дайындаудан басқа, монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, оны 15 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Ринат Шауенов.