Әртүрлі

Ақмола облысында жалған банкнотпен жасалған алаяқтық анықталды

Қосшы қаласының полиция бөліміне алаяқтық әрекетке байланысты жергілікті тұрғын арызданған, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Жәбірленші әйелдің айтуынша, 30 қарашада белгісіз ер адам одан тауар сатып алып, төлем ретінде 100 долларлық жалған купюра ұсынған. Қалған ақшаны 20 мың теңге көлемінде алған алаяқ оның жалпы 52 мың теңге шығын шегуіне себеп болған.

Жедел іздестіру шаралары барысында полиция күдіктінің жеке басын анықтап, осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Ақмола облысының Полиция департаменті азаматтарды қолма-қол ақшамен есеп айырысқанда ерекше мұқият болуға шақырады. Қолдан жасалған банкноттарды анықтау үшін арнайы құрылғыларды пайдалануды ұсынады.

«Әсіресе ірі сомалармен жұмыс істегенде барынша сақтық танытып, қолма-қол ақшасыз төлем тәсілдеріне басымдық берген жөн. Егер жалған ақшаны байқаған жағдайда дереу полицияға хабарлаңыз», - делінген хабарламада.