Ақмола облысында екі ауыл ішімдіктен бас тартты
Ақмола облысының Зеренді ауданында ауыл тұрғындары алкогольден бас тартуды жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қанай би ауылдық округіне қарасты екі ауылда спирттік ішімдіктер мүлде сатылмайды. Мұндай шешімнің нәтижесінде елдімекендерде тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, қоғамдық тәртіп тұрақталған.
Ауылдық округтің әкімі Медет Ақмағамбетовтің айтуынша, соңғы үш жылда бұл ауылдарда қылмыс, тұрмыстық жанжал немесе тіпті ұсақ құқықбұзушылықтар тіркелмеген. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың алкогольден саналы түрде бас тартуының нақты нәтижесі болып отыр.
Аталған бастама алғаш болып полицейлер тарапынан ұсынылып, кейін «Зиялы қауым» бағдарламасы аясында жүзеге асырыла бастады. Жобаға жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар және тұрғындар белсенді түрде қолдау білдірген. Ауылдарда профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жастармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Зеренді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығы Ернар Садырбаевтың айтуынша, бүгінде курорттық аймақта 11 ауыл алкоголь сатуынан толықтай бас тартқан. Басқа ауылдардың да осы бағытта қызығушылық танытып отырғанын ескерсек, алдағы уақытта бұл бастаманы қолдаушылар қатары арта түсуі мүмкін.