Әртүрлі

Ақмола облысында бастығынан сұранған көпбалалы ананы жұмыстан шығарып жіберген

Ақмола облысында көпбалалы ана дүкен директорынан аз уақытқа жұмыстан сұранып, қызметінен қуылған. Әйелдің жұмыстан босатылуы заңсыз деп танылды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық сотқа сілтеме жасап.

Сот дереу жұмысқа қайта алуға және жалақыны төлеуге қаулы етті.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ЖШС-дан жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта алу және жалақыны төлеу туралы әйелдің талабы бойынша азаматтық іс қарады.

Сотта көпбалалы ана 2023 жылдың қыркүйегінен ЖШС-да дүкенде аға кассир болып жұмыс істегені белгілі болды. 2024 жылдың 4 наурызында дүкеннің директорынан сұранып және өз орнына әріптесін жұмысқа шығарып, жұмыс орнында сағат 15.00-ден 19.00-ге дейін болмаған. Бірақ директор оның жұмыста болмағаны туралы акт жасап, түсіндірме жаздыртып, оны жұмыстан шығару туралы бұйрық жазған.

Сот әйелді жұмыстан шығару туралы бұйрықты келесі негіздермен заңсыз деп таныды:

- ол басшының рұқсатымен, оны әріптесі ауыстырып, белгілі себеппен жұмыс орнында болмады;

- жұмыстан босатуға негіз болатын тәртіптік жаза орын алмады;

- оның директордан сұранғанын куәгерлер мен дүкендегі қызметкерлер растады; тәртіптік жаза қолдану рәсімі бұзылған, бұйрықта жұмыстан босатудың негізі көрсетілмеген, тек Еңбек кодексінің 49-бабының 3) тармақшасына сілтеме жасалған.

Сот шешімімен әйелдің талап қоюы қанағаттандырылды, жұмыстан шығару туралы бұйрық жарамсыз деп танылып, бұрынғы жұмыс орнына қайта алынды, ЖШС-дан А.-ның пайдасына 895 520 теңге бос жүруге мәжбүр болғаны үшін жалақы өндірілді.

Алқаның қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жұмысқа қайта орнына алу және жалақы төлеу туралы шешім дереу орындалуға жатады. Сот шешімі заңды күшіне енді.