Әртүрлі

900-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылады

Қорғаныс министрлігі ҚР Үкіметінің «Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы» қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Нормативтік құқықтық акт «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 32-бабына сәйкес әзірленді.

Үкімет қаулысының жобасына сәйкес 2025 жылы 915 запастағы офицер әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметке шақырылған азаматтар 24 ай бойы Қарулы күштерде, ҰҚК Шекара қызметінде, ІІМ Ұлттық ұланында және Төтенше жағдайлар министрлігінде офицерлік құрам лауазымдарында қызмет атқарады, - делінген хабарламада. 

Запастағы офицерлерді шақыру әскери дайындалған резервті жинақтау және офицерлер құрамының бос лауазымдарын толықтыру мақсатында жүзеге асырылады.

Үкімет қаулысы жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында биылғы жылдың 21 қазанына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына сілтеме бойынша танысуға болады.