Әртүрлі

2030 жылға дейін жолаушылар вагондары толық жаңартылады

2030 жылға дейін ҚТЖ жолаушылар вагон паркін 100 пайызға жаңартуды көздейді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында Stadler компаниясының өндірісінен шыққан 557 заманауи вагон жеткізу жоспарланған. Оның алғашқы 51 бірлігі биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, жаңарту жұмыстары отандық өндіріс мүмкіндіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылуда. Петропавл қаласындағы ЗИКСТО зауытында құрастырылып жатқан жаңа үлгідегі вагондар заманауи талаптарға толық сай келеді.

 Биыл ҚТЖ 107 вагонды қабылдауды жоспарлап отыр. Астана – Курорт Бурабай және Астана – Қарағанды бағыттарына жаңа үлгідегі, 18 вагоннан тұратын екі электр пойызы жолға шықты. Жақын арада тағы бір құрам жеткізіледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, 2027 жылға дейін отандық өндірушіден қосымша 350 вагон сатып алу туралы келісім жасасу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда ҚТЖ-ның жолаушыларға қызмет көрсететін жылжымалы құрам паркі 2 167 бірлікті құрайды. Оның ішінде 732 Talgo вагоны, 1 321 стандартты вагон және 114 мотор-вагонды құрам бар.