Әртүрлі

2025 жылы отбасы мен ата-ананы қолдауға арналған жобалар басталады

Астанада «Балалар мен жастарды тәрбиелеу: мемлекет, қоғам және отбасы бірлесе әрекет етуде» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Конференцияға ғалымдар мен сарапшылар, өңірлердің ата-аналар қауымдастығының өкілдері, педагогтер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шарада жауапты ата-ана тәрбиесі идеясын ілгерілету, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасы құндылықтарын нығайтуға байланысты өзекті мәселелер қаралды.

Конференцияда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаеваның халықаралық конференция қатысушыларына үндеуі оқылды.

«Мемлекет басшысы өз сөздерінде балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі мемлекет пен ата-аналардың бірлескен жауапкершілігі, саналы ата-ана тәрбиесінің маңыздылығы туралы бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты қазіргі уақытта мемлекет, қоғам және отбасылар тығыз және тиімді өзара әрекет ететін бірыңғай жүйені қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жауапты ата-ана тәрбиесі идеясын ілгерілету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр», – делінген Аида Балаеваның үндеуінде.

Оның айтуынша, ата-аналардың тәрбие беру мүмкіндіктерін кеңейту үшін еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажет:

«2025 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен БҰҰ Халық қоры (ЮНФПА) бірлесіп «Отбасыға қолайлы жұмыс орны» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Компанияларда отбасы мен ата-ананы қолдауға жағдай жасалады. Мұндай практикаларды енгізудің артықшылықтары бойынша жұмыс берушілерді оқыту бағдарламасы, сондай-ақ осы саладағы қазақстандық тәжірибені зерттеу және бағалау бағдарламасы іске қосылады».

Конференцияға қатысушылар интернетке тәуелділік пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу үшін ата-аналардың балаға назар аударуы мен қарым-қатынас дағдыларының маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара қорытындысы бойынша жауапты ата-ана тәрбиесі идеясын одан әрі ілгерілету бойынша ұсыныстар әзірленетін қарар қабылданды.