Әртүрлі

10 айда елімізде 143 мың көлік құралы ресімделді

Қаржы министрі Мәди Такиев Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикаға көлік құралдарын әкелуді бақылауды жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz

Ол 2024 жылдың 10 айында 143 мың көлік құралы ресімделгенін, олар бойынша 291,4 млрд теңге кедендік баждар мен салықтар төленгенін хабарлады. Олардың 80%-ы жеңіл автокөліктер.

Техникалық регламентке сәйкес келмейтін жүк автокөлік құралдарын әкелуді болдырмау мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті мен СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті арасында «Мемлекеттік кірістер мен техникалық реттеу және метрология органдарының өзара іс-қимылы туралы» бірлескен бұйрық әзірленіп, қабылданды.

«Осы бұйрық шеңберінде аккредиттелген ұйымдарды тарта отырып, Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық органдарының қызметкерлерімен бірлескен кедендік тексеру жүргізіледі», - деді Мәди Такиев.