Әртүрлі

1 желтоқсаннан бастап не өзгереді?

Елімізде 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді? Elordainfo.kz  тілшісі шолу жасап көрді.  

Бектенов 1 желтоқсаннан бастап диқандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 15 қарашада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы барысында айтылған Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Премьер-министр агроөнеркәсіптік кешенді нығайту және ауыл шаруашылығы саласын экономикалық өсудің көшбасшысына айналдыру жөніндегі Президент алға қойған мақсаттарға қолжеткізу үшін бірқатар тапсырма берді.

«Агроөнеркәсіп секторының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі – қолжетімді несиелеу. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігімен «Бәйтерек» холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін диқандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырды. Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі керек», - делінген ақпаратта.

Кейбір көліктерді әкелу ережелері өзгереді

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында хабарланған ақпаратқа сәйкес, желтоқсан айынан бастап заңды тұлғалардың көлік құралдарын әкелу тәртібі өзгереді. 

«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, дайындалған күнінен бастап 3 жылдан аз уақыт өткен және КҚТМ (куәландыратын құжаттар көлік құралының типін мақұлдау) негізінде әкелінетін көлік құралдарын КҚТМ-да көрсетілген, ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № 130 шешімімен бекітілген ЕАЭО кедендік аумағына сәйкестігі міндетті бағалауға жататын өнімді ЕАЭО кедендік аумағына әкелу қағидаларының 10-тармағының б) тармақшасын қолдана отырып ресімделген тұлғалар ғана әкелуге құқығы бар», - делінген комитет хабарламасында.

Яғни жаңа ереже бойынша Қазақстанға көлік құралдарын әкелетін заңды тұлғалар көліктің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайтын КҚТМ құжатына ие болуы тиіс.

Комитеттің хабарлауынша, бұл өзгерістер 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді.

Болат дайындамаларды әкетуге тыйым салынады

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен көліктің барлық түрлерімен Қазақстан Республикасының аумағынан болат дайындамаларды әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу көзделетін бұйрықтың жобасы әзірленді.

Бұйрықтың жобасы қосылған құны жоғары орта және жоғарғы қайта бөлудің дайын өнімін шығара отырып, болат өнеркәсібін кеңейту үшін отандық металлургиялық кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында әзірленді.

Бұйрық 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салынады

2024 жылғы 1 желтоқсаннан 2025 жылғы 1 наурызға дейін қазақстандық жүргізушілер қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті. Яғни 1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелексіз жүрген көлік иелеріне 5 айлық есептік көрсеткіш (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салынады. 

Мопедтер тіркелуі мүмкін

Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізде мопедтерді тіркеу басталатын болжамды уақытты атады.

Жоспар ретімен жүзеге асса, Қазақстанда мопедтер 1 желтоқсаннан бастап тіркелуі мүмкін.

«Қазір тиісті құжатқа қол қойылады. Қарашаның аяғына дейін бұл жұмысты аяқтаймыз және шартты түрде 1 желтоқсанда тіркеуді бастаймыз. Алдағы уақытта техникалық жағдайға қойылатын талаптар жоқ. Алдымен сәйкестік, нөмірлердің бар-жоғын және басқасын қараймыз», - деді Игорь Лепеха.

Қазақстандықтар 10 күн демалады

Елімізде дәстүрлі түрде Тәуелсіздік күні аталып өтеді.

Биыл Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан сенбіге сәйкес келеді, сондықтан қазақстандықтар дүйсенбі күні де демалады.

Осылайша Тәуелсіздік күніне орай: 

- аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 16, 17, 18 желтоқсан күндері;

- аптасына алты күн жұмыс істейтіндер 16 және 17 желтоқсан күндері демалады.

Желтоқсанда барлығы 11 демалыс және 20 жұмыс күні бар.