Әлеумет

Биыл 14 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Биыл 14 391 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9%  – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3,3% білім жоқ.

«Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды», - делінген хабарламада.