Әлеумет

«Жол қателікті кешірмейді»: Полицейлер қазақстандықтарға ерекше үндеу жасады (ВИДЕО)

Ел полицейлері тұрғындарға үндеу жасап, жол қауіпсіздігі мәселесіне назар аударуға шақырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

- Құрметті азаматтар! Бәріміз жол жүрісіне қатысушымыз. Жолдағы қауіпсіздікті сақтау – жалпыға ортақ міндет. Қазір елімізде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты – тек жол жүрісі қағидаларын сақтау емес, әрбір адам үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Іс-шара басталғалы, яғни, 19 сәуірден бері жолда 30 мыңға жуық құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Бұл ретте полицияның жазалау мен жауапқа тартуды көздемейтінін тағы да еске саламыз.

Құрметті азаматтар! Жол қателікті кешірмейді. Іс-шараның алғашқы күндері-ақ жол апаттарында адам шығындары болды. Бұл – орны толмас қайғы. Жылдамдықты асырған әр көлік, назарсыз қалған әр сәт біреудің өмірін қиып кетуі мүмкін. Сондықтан жүргізуші де, жаяу жүргінші де мұқият әрі жауапты болуы керек!

Баршаңызды «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға шақырамыз! Алда мейрам және демалыс күндері. Отбасыларыңызға көңіл бөліп, уақытты қауіпсіз әрі тиімді өткізуді ұсынамыз. Яғни, жақындарыңызға, әсіресе балаларыңызға жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрысты үйретіңіздер. Полициямен бірге қоғамдағы кез келген құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыруға атсалыңыздар!

Ішкі істер министрлігінде 2025 жыл Профилактика жылы болып жарияланғанын еске саламыз. Қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермей, олардың алдын алуға тырысайық. Егер әрқайсымыз көлік тізгінінде, жаяу жүргінші жолында және тротуарда мұқият болсақ – еліміздегі жолдар шын мәнінде қауіпсіз болады. Жолдағы қауіпсіздік мәдениетін бірге қалыптастырайық. Бұл туралы отбасымызда, жұмыс орнымызда, қоршаған ортамызда айтып жүрейік.

Өзіміз үлгі болайық! Үлкен өзгеріс бірлескен қадамдардан басталады, - деді тәртіп сақшылары.