Әлеумет

Жетісу облысында 109 отбасыға жаңа баспана берілді

Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысында Алакөл, Ақсу, Кербұлақ және Қаратал аудандарында 109 отбасы үйлі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Жетісу облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Алакөл ауданында жаңа үйдің кілттері кезекте тұрған көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталды. Бұл үйлердің әрқайсысының жалпы ауданы 60-70 шаршы метр, абаттандырылған жеке учаскесі бар. Соның ішінде 60 жаңа үй сатып алынып, 10-ы салынды. Жалпы бұл мақсатқа бюджеттен 1,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Атап айтқанда, Үшарал қаласында 41 жалға берілетін жеке үй, Қабанбай ауылында 15 үй, Бескөл ауылында тағы 10, Қазақстан ауылында 4 үй пайдалануға берілді.

Жаңа қонысқа ие болушылардың бірі, үшаралдық көп балалы ана Айжан Жақанбаева:

«Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма 8 жылдан асты, 6 баламен үй жалдап тұрып келдім. Бұл бізге, әрине, оңай болған жоқ. Жалдаған үйдің жағдайы да үнемі жақсы бола бермейді. Енді, міне, отбасымыз өз үйіне қол жеткізіп, қуанып жатырмыз. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық жаңа қоныс иелерін құттықтаймын», - деді ол.

Ал Ақсу ауданында кезекте тұрғандарға Жансүгіров ауылынан 24 пәтерлі 3 қабатты жалға берілетін үйдің кілттері табысталды. Пәтерлер ауданда кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағыларға, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға берілді. Бұл үйде алты 2 және 3 бөлмелі пәтер және 12 бір бөлмелі пәтер бар.

Кербұлақ ауданының Басши, Жайнақ батыр, Жаңалық ауылдары мен Қаратал ауданының Қаражиде ауылының 15 тұрғыны Жаңа жыл мерекесін  жаңа қоныста тойламақ. Оларға жалға берілетін жеке тұрғын үйлердің кілттері табысталды.

Жалпы биыл облыста жаңадан салу және сатып алу есебінен 2 708 отбасы үйлі болды.