"Жаттығуыңызды жасап жүре беріңіз!": Назаровқа қолдау көрсеткен Жанқош Тұраров сынға қалды
Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров депутат Ардақ Назаровқа қолдау білдіремін деп сынның астында қалды. Айта кетейік, Мәжілістің осы аптадағы жалпы отырысында депутат Ардақ Назаров депутаттық сауалын жарияламай тұрып, анасын 70 жасымен құттықтаған еді, деп жазады Elordainfo.kz.
«Анаға қандай құрмет көрсетсе де артық етпейді. Құдайдан үміті бар кез-келген ата-ана баласының дәл осылай мәжілісте отырып құттықтау жолдағанын көрсе армандары жоқ шығар деймін! Баршамызға осындай үлгілі ұрпақ өсіруді бұйыртсын! Ата-анамыздың қартайған шағында ұрпағының жетістігін көріп, батасын бергеннен асқан бақыт бар ма?! Өте орынды, әсерлі құттықтау болды Ағатай», - деп жазған Тұраров.
Тұраровтың жанкүйерлері қолдай қоймады.
«Тараздың жігіттері бұндай жылтыр емес еді, Жәке, ұят болады», «Жанқош, жаттығуыңызды жасап жүре беріңіз. Ардақ Назаровтікі дұрыс емес, оны не үшін қолдап отырсыз, Парламент Шалқар радиосы емес», «Ана деген әрине ардақты ұғым, бірақ, Парламентте ел мәселесі қозғалу керек», - деп жазған Тұраровтың желідегі оқырмандары.