Әлеумет

Жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігі заңмен реттелуі керек – депутат

Әлеуметтік желілер жасөспірімдердің психологиялық денсаулығына кері әсер етіп, тәуелділікке әкелуде. Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы бұл мәселені төменгі палатаның жалпы отырысында көтеріп, шектеу шараларын заңнамалық деңгейде қарастыруды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Зерттеулерге сәйкес, интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқулар мен депрессияға шалдығу ықтималдығы бірнеше есе жоғары. Қазақстанда балалардың 88%-ында смартфон бар, олардың 28%-ы бос уақытын тек гаджетте өткізеді. Әлеуметтік желілер балалардың назарын төмендетіп, шынайы қарым-қатынастарды әлсіретеді. Дамыған елдерде бұл мәселе заңмен реттелуде – Қытай, Франция, Оңтүстік Корея кәмелетке толмағандарға тыйымдар енгізіп, интернетті шектеу шараларын қабылдаған. Депутаттың ұсынысы бойынша, Қазақстан да осындай қадамдарға баруы керек.

«Жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді бақылаусыз пайдалануы олардың болашағына кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені заңмен реттеу қажет», - деді Жарқынбек Амантайұлы.