"Зейнетақы жинағына алынған үйді 5 жыл бойы сатпау": Отбасы банк бастама көтерді
Отбасы банк зейнетақы жинағынан артылған ақшаға алынған үйді 5 жылдан соң ғана сатуға рұқсат беруді ұсынған. Алайда өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ұсынысты құптаған жоқ, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдерімен жүргізілген операцияларды талдау кезінде бір пәтердің бірнеше рет әртүрлі адамға қайта сатылғанын анықтаған. Әрбір сатып алушы да осы пәтерді алу үшін зейнетақы жинағын пайдаланған.
«Мұндай әрекеттерде заңды тікелей бұзу фактісі жоқ. Алайда бұл жағдайлар зейнетақы қаражатының мақсатсыз пайдаланылуына және тұрғын үйдің нақты бағасының бұрмалануына әкелуі мүмкін деген қауіп бар. Осы қауіптің алдын алу үшін «Отбасы банк» Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолдаған. Банк зейнетақы жинағына алынған үйді тек 5 жылдан кейін сатуға рұқсат беруді ұсынды», - деп мәлімдеді Отбасы банк.
Бірақ министрлік Отбасы банктің ұсынысын қолдамаған, себебі заңда мүлікке қандай жағдайда шектеу қоюға болатыны нақты көрсетілген. Ал зейнетақы жинағы есебінен сатып алынған тұрғын үйлер бұл санатқа кірмейді.
«Сондықтан қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін бұрынғыдай тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Барлық өтінім штатты режимде қаралады. Бүгінгі таңда біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға қатысты ешқандай шектеу қарастырылып жатқан жоқ», - деп атап өтті Отбасы банк.
Жалпы 2021 жылдан бері enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған 1 469 938 өтінім өңделген.