Зауыттағыдан 5 есе қымбат: Аймағамбетов дәрі бағасының қымбаттығын сынады
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмектерге шекті бағаларды қалыптастыру кезінде өрескел бұзушылықтар анықталғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, препараттар оригиналдарынан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған.
«Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172%-ға дейін жетеді. Ал Еуропада және әлемде – 30%-дан аспайды. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің (ОТӨ) генеригінің бағасы 1273 теңгені құраған. Бұл 4 есеге дейін қымбат. Отандық зауыт, елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, соған байланыстырып, өз шығындары мен бағасын есептеп, солай дәрінің бағасы көтеріледі. Оны оригиналмен салыстырсақ, көптеген отандық дәрілер шетелдік түпнұсқасынан еселеп қымбат болып шығады»,- деді ол.
Мәжіліс депутаты бірнеше дәрінің бағасына тоқталды.
«Парацетамолдың» зауыттық бағасы 59 теңге, Қырғызстанда 90, ал бізде 144 теңгеге сатылуда. «Терафлюге» елде белгілеген шекті баға 3,3 мың теңге, ал зауыттық бағасы 1,5 мың. Ресейде ол 2,2 мың, Қырғызстанда 2,5 мың тұрады. Тіпті, дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер анықталды»,- деді ол.