Әлеумет

«Ым-ишара тілін білетінім үшін ұялатынмын»: Елордалық сурдоаудармашы желіде қалай танымалдылыққа ие болды

Есту қабілеті бұзылған адамдар мен мылқау жандар қоғам назарынан тыс қалмайды. Олардың күнделікті толассыз ақпарат пен өзгерістер туралы уақытында білуі, қажет болған жағдайда мемқызмет алуы маңызды. Әдетте мұндай жандарды жақындары сүйемелдеп жүреді. Бүгінгі кейіпкеріміз де бала кезінен ым-ишара тілін меңгеріп, анасының басты қолғанаты болған. Elorda.info тілшісі әлеуметтік желіде ым-ишара тілінің маңыздылығын насихаттап жүрген елордалық Айдана Жапаровамен байланысқа шығып, сурдоаударма туралы сұхбаттасты.

Бүгінде елімізде құлағы естімейтін, сөйлеу қабілеті төмен 30 мыңға жуық адам тұрады. Оларды жұмыспен қамту, заңды құқығын қорғау мақсатында қоғамдық бірлестіктер де құрылған. Елордалық Айдана Жапарова да мұндай жандардың әлеуметтік көмек жағынан шектелмей, қоғаммен ым-ишара тілінде еркін байланысқанын қалайды.

Кейіпкеріміз тіпті өзі оқушы болса да, мектептегі ата-аналар жиналысына бірге қатысып, барлық ақпаратты ым-ишара тілінде түсіндіріп отырған.

Оның балалық шағы алаңсыз ойынға толы болмаған.

Айдана Жапарова 2016 жылы  сурдоаударма курсын тегін оқып, ым-ишара тілінің кәсіби маманы атанған.

Анасының денсаулығына байланысты ерте есейген кейіпкеріміз жасөспірім кезінде ым-ишара тілін білгені үшін қатарластарынан ұялған.

Айдана Жапарова әр адам құлағы естімейтін жандардың әлемін түсінгенін қалайды. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әндерді ым-ишара тілінде орындап, бұл сөйлеу құралынын қоғамдағы маңыздылығын көрсетіп жүр.

Әңгімелесу барысында 30 жастағы елорда тұрғыны Қарағанды қаласындағы сән колледжін тәмамдағанын айтты.  Бірақ оқу бітіретін жылы денсаулығы нашарлап, сол жылы өмірінің қиын кезеңін басынан өткерген.

Оның айтуынша, хирург отадан кейін жүріп кету тек науқастың өзіне байланысты екенін айтқан. Кейіпкеріміз ұзақ уақыт реабилитациядан өтіп, мүгедек арбасынан аяққа тұрған.

6 жыл бойы балдақпен жүрген Айдана онсыз жүруге қатты қорыққанын есіне алды.

Мүгедек арбасынан аяққа тұрған кейіпкеріміз елімізде ым-ишара тілін дамытуды қалайды.

Бүгінде Айдана Жапарова «Қанаттылар» инклюзивті театрында сурдоаудармашы болып жұмыс істейді.  Күні кеше елордада өткен OYU Fest музыкалық фестивалінде отандық жас әнші Dequine-мен бірге бір сахнада өнер көрсетті. Әншінің 8 өлеңіне судоаударма жасап, елордалықтардың қошеметіне ие болды. 

Судоаударма жасау сырт көзге қарағанда оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл іс адам жүйкесіне салмақ түсіретін ауыр жұмыс. Мүмкіндігі шектеулі жанның айтар ойын нақты жеткізетін мұндай мамандар қашан да қоғамға қажет.

-->

«Мен құлағы естімейтін отбасында дүниеге келдім. Ата-анамның айтуы бойынша, олар Қарағанды облысындағы құлағы естімейтін және нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатында танысқан. Оларда бұл туа біткен ақау болмағандықтан, сіңлім екеуміздің денсаулығымызда ондай мәселе болмады. Үйдің үлкені болғандықтан бәрін тез үйрендім. Мұндай отбасында дүниеге келгендіктен бірден ыммен сөйлеуді үйреніп кетеді екенсің. Анамның айтуы бойынша, 2 жасымда күнделікті өмірде қолданатын ең қажетті деген ым тілін қолдандым. Яғни, «тамақ ішемін немесе ішпеймін, ұйықтаймын, сыртқа шығамын» деген сөздерді ата-анама түсіндіре алатынмын»,- дейді ол.

Кейіпкеріміз тіпті өзі оқушы болса да, мектептегі ата-аналар жиналысына бірге қатысып, барлық ақпаратты ым-ишара тілінде түсіндіріп отырған.

«Үйдің есігін қаққан кезде немесе қоңырау шалған кезде ата-анама айтып отыратынмын. Сіңлім ым-ишара тілін аса жақсы білмейді. Ауруханаға бару, жұмысқа орналасу деген сияқты шаруаларды реттеу үшін ата-анам өздері  бара беретін. Мектептегі ата-аналар жиналысына да бірге барып, барлығын түсіндіретінмін. Кейін мен 4 сыныпта оқып жүрген кезде әкем қатты ауырып, өмірден өтті. Одан кейін анама қамқор болу, онымен ым-ишара тілінде сөйлесу міндеті толығымен маған көшті. Дүкенге барсақ та, ауруханаға барсақ та бірге баратын болдық»,- дейді елорда тұрғыны.

Оның балалық шағы алаңсыз ойынға толы болмаған.

«Әрқашан анамның жеке сурдоаудармашысы болдым. Бала кезімде аулада ойнап жүрген кезде анам шақырып алатын. Балалар сыртта ойнап жүргенде мен анамның теледидардан болатын сериалын ым-ишара тілінде аударып отыратынмын. Анам қайда барса мен де сонда баратынмын. Сондықтан да менің балалық шағым өзге балалардыкіндей ойынға толы болған жоқ»,- дейді ол.

Айдана Жапарова 2016 жылы  сурдоаударма курсын тегін оқып, ым-ишара тілінің кәсіби маманы атанған.

«Құлағы естімейтін адамдар негізі сөйлей алады. Көбі оларды мылқау деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Олардың дауыс байламдары бұзылмаған. Егер бала кезінен мұндай адамдар жақындарымен сөйлесіп, тұйық болмаса, онда олардың дауысы барлығына түсінікті болады. Менің анам тек жақындарыммен ғана сөйлеседі. Оның сөйлеген сөздерін жақындары ғана түсінеді»,- дейді елорда тұрғыны.

Анасының денсаулығына байланысты ерте есейген кейіпкеріміз жасөспірім кезінде ым-ишара тілін білгені үшін қатарластарынан ұялған.

«Жасөспірім кезінде ым тілін білетінім үшін ұялдым. Кейде автобуста анам ыммен маған сөйлеген кезде, жауап беруге ұялап, тек басымды изеп қоя салатынмын. Бұл әрекетіме анам ренжіген күндер де болды. Бірақ қазір мен керісінше, ым-ишара тілінде сөйлеп, көмектесе алатыныма мақтанамын. Анаммен қоғамдық орында сөйлесуге ұялмаймын. Тіпті әлеуметтік желіде түрлі контент түсіріп, ым-ишара тілінің маңыздылығы туралы көрсетіп жүрмін»,- дейді ол.

Айдана Жапарова әр адам құлағы естімейтін жандардың әлемін түсінгенін қалайды. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әндерді ым-ишара тілінде орындап, бұл сөйлеу құралынын қоғамдағы маңыздылығын көрсетіп жүр.

«Бұрыннан ән тыңдаған кезде қалай қолыммен ым-ишара тілінде түсіндіріп жатқанымды елестететінмін.  Ең бірінші 2015 жылы Jah Khalib әнін ым тілінде жеткізіп, әлеуметтік желіге салдым. Ол кезде мені желі қолданушылары түсінбей, теріс пікірлер қалдырған болатын. Одан кейін ол видеоны өшіріп тастадым. Сосын 2 жыл өткен соң, яғни 2017 жылы басқа да сурдоаудармашылардың видеоларын көріп, тағы да әлеуметтік желіге түрлі видеолар жүктеуді бастадым. Әндерден бөлек, ым-ишара тілінде сөйлеу туралы қысқа сабақтар түсірдім, бұл желі қолданушыларына өте қызықты болды»,- дейді ол.

Әңгімелесу барысында 30 жастағы елорда тұрғыны Қарағанды қаласындағы сән колледжін тәмамдағанын айтты.  Бірақ оқу бітіретін жылы денсаулығы нашарлап, сол жылы өмірінің қиын кезеңін басынан өткерген.

«Диплом қорғауға дайындалып жүргенде сол аяғымның ұйып кететін байқадым. Аяғымды мүлдем сезбей қалған кездер де болды. Бірақ анама айта алмадым. Уақыт өте келе менің жағдайым нашарлай бастады. Аяғымды сезбей, тіпті автобусқа мінген кезде сол аяғымды бас алмай қалғаным есімде. Дәрігерге қаралып, дәрумендер іштім. Бірақ бір ай өткен соң, менің жағдайым тағы нашарлай бастады. Тіпті емшіге жүгініп, оның «үш күннен кейін жүріп кетесің» деген сөзіне сендім. Бірақ, үш күннен соң мүлдем аяғымды қозғалта алмадым. Осылайша бірден елордаға тексеріске барып, маған «жұлын ісігі» деген диагноз қойылды. Дерт асқынып кеткендіктен бірден ота жасалды. Бірақ отадан кейін аяғымды сезбей, өз еркіммен отыра алмайтын жағдайға жеттім»,- дейді Айдана Жапарова.

Оның айтуынша, хирург отадан кейін жүріп кету тек науқастың өзіне байланысты екенін айтқан. Кейіпкеріміз ұзақ уақыт реабилитациядан өтіп, мүгедек арбасынан аяққа тұрған.

«Өмірімнің қиын кезеңін отбасым мен туыстарымның арқасында жеңіп шықтым. Хирург менің әрі қарай жүріп кетуім өзіме байланысты екенін айтты. Сол уақытта сіңлім әрқашан жанымнан табылды. Мүгедектер арбасында отырсам да маған жігер беріп, үйдің ішінде қозғалып, өз еркіммен отыруға көмектесті. Күнде көзімді жұмып қойып, аяғымды қозғалтып, тіземді бүгіп жатқанымды елестетінмін. Бірақ көзімді ашқанда аяғым сол баяғы қозғалыссыз болатын. Нәтиже болмаса да күнде аяғымды сезіп тұрғанымды елесете бердім. Бір күні тағы сол әдетімді қайталап жатқанда, шынымен де қозғалысты сездім.  Осылайша физикалық сауықтыру жаттығуларын үзбей жасап, өз санаммен жұмыс істей бастадым. Отадан кейін бір жылдан кейін өз аяғыма тұрдым. Әрине балдақтын көмегімен жүрдім. Ал коллежді 2 жылдан кейін бірақ тәмамдап, диплом алдым»,- дейді ол.

6 жыл бойы балдақпен жүрген Айдана онсыз жүруге қатты қорыққанын есіне алды.

«Биыл балдақсыз жүргеніме 2 жыл болды. Маған онымен жүру оңай болатын. Үйреніп қалғаным соншалықты, балдақсыз жүретін кезде өте қатты стресс болды. Балдақпен жүріп, жаттығу залына бардым. Сол кезде жаттықтырушы маған зал ішінде балдақсыз жүріп көруге кеңес берді. Кейін үйден жаттығу залына дейін өзім жүріп келетіндей жағдайға жеттім. Осылайша біртіндеп балдықты тастадым. Қазірдің өзінде жүгіре алмаймын. Көбі мені арбадан тұрған соң, аяғым ауырмайды деп ойлайды. Баспалдаққа көтерілуге қарағанда одан түсу қиынға соғады. Бірақ соған қарамастан күнделікті қозғалуға тырысамын»,- дейді елорда тұрғыны.  

Мүгедек арбасынан аяққа тұрған кейіпкеріміз елімізде ым-ишара тілін дамытуды қалайды.

«Елімізде ұйымдастырылатын түрлі концерт мен кештерде сурдоаударма болғанын қалаймын. Америкада бұл әдіс өте танымал. Қазір әлем әншілері өздерінің шығармашылық концерттерінде сурдоаудармашыларды шақыратын болды. Ресейде де танымалдылық артып келеді. Құлағы естімейтін жандар музыканы естиді, тек мағынасын түсінбейді. Мен желіде әзірге тек орысша әндердің аудармасын жасап жүрмін. Өйткені құлағы естімейтін жандар ым-ишара тілін қолданғанда орысша ойлайды. Өйткені қазақша ым-ишара тілінің бекітілген нұсқасы жоқ. Сондықтан да мұндай адамдар ақпаратты тек орысша қабылдайды»,- дейді ол.